Мұнайлы өлкеге табан тіреген шеру делегаттары марштың мәні мен маңызын айтып берді, деп хабарлайды ATPress. kz.
Елордадан басталған халықаралық шерудің басты мақсаты - ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулық. Түрлі ұлт өкілдерінен жиналған марш қатысушыларын атыраулықтар құшақ жая қарсы алды.
Өз кезегінде «ЕУРОПА-АЗИЯ» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің атқарушы директоры Руслан Абдуллин дінге, ұлтқа бөлінбей, халықты бірлік пен ынтымаққа, келісімге шақыруды басты мақсат еткен шерудің аясында 1 шілдеден бері Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Бішкекті аралап келді.
- Біздің мақсатымыз - бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлттар арасындағы достықты насихаттау және олардың бірлігін арттыру. Қай қалаға барсақ та, бізді қолдап, шеруімізге адамдар көптеп қосылды. Біз бюджеттен бір тиын да алмадық. Шығын өзіміздің және достарымыздың қалтасынан шығып жатыр. Десек те, мемлекеттік мекемелердің көмегінсіз және қолдауынсыз ұйымдастыру, ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізе алмас едік. Сол үшін алғысымды айтамын,- деді Р. Абдуллин.
Бейбітшілік шеруі Қазақстан, Қырғызстан аумағында өтті. Ендігі бағыт - Солтүстік Кавказға қарай бет алу. Бастапқыда шеру құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Башқұртстанның 28 өкілі болды.
Ілкімді іс-шара биыл 16 рет өз жалғасын тауып отыр. Айта кету керек, бұл халықаралық шерудің бірінші кезеңі, ал екінші кезеңі Еуропа Азия елдерінің 18 мемлекетін қамтитын болады.