Атырау қаласында жаңадан салынған екі BINOM мектептеріне құжат қабылдау 20 шілде күні таңғы сағат 09:00-де басталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған брифинг барысында «Білім болашағы» ҚҚ атқарушы директоры, BINOM SCHOOL басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадырова мәлім етті.
«Атырау қаласындағы Д.Қонаев және Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектептерге өтініштер қабылдау басталады. Қазақстанда алты BINOM мектептері бар. Онда 24 мыңнан астам оқушы білім алады. Атырау қаласын қосқанда барлығы сегіз мектеп болмақ. Білім тегін және қазақ, орыс тілдерінде беріледі. Физика, математика бағытындағы лицей болады. Мектептегі сыныптардың 30 пайызы физика, математика бағытында оқытылады», - деді Ш. Қадырова.
Өтініштерді қабылдау кезең-кезеңімен сыныптар бойынша белгіленген күндерде онлайн форматта https:mektep.//snation.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Нақтырақ айтар болсақ, 20-24 шілде аралығында төрт күн бойы төменгі және жоғарғы сыныптарға оқушылардың құжаттары онлайн түрде қабылданады. Мәселен, 20-21, 24 шілде күндері – 1-4 сыныптар (сенбі, жексенбі – демалыс күндері, сайт істемейді); ал 2-4 тамыз күндері – 5-9 сыныптар және 14, 15 тамыз күндері – 10-11 сыныптарға өтініштер қабылданады.
Айта кетерлік жайт, онда 1-8 сыныптар қазақ және орыс, ал 9-11 сыныптар қазақ тілдерінде оқытылады.
"Нұрсая" мен "Сарыарқадағы" мектептерге 8 мың оқушы қабылданады. Қос мектепте балалар екі ауысымда оқитын болады.
Оқушыларды қабылдау тұрғылықты мекенжай бойынша жүргізіледі. Берілген мекенжайлар Атырау облысының білім басқармасы Бұйрығымен бекітілген. Ал егер отбасы соңғы бір айда тұрақты мекенжайын өзгерткен болса, порталда «ӨЗЕКТЕНДІРУ» батырмасын басу қажет.
Кеңес беру телефоны мен кеңсе 20 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды.
«Нұрсая» шағынауданындағы BINOM мектебінің нөмірі: +7 771 055 75 91, ал «Сарыарқадағы» BINOM нөмірі: +7 771 055 75 84.
Кеңсенің мекенжайы Сарыарқа ауданындағы BINOM мектебінде орналасқан.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА