Батыс Қазақстан тұрғыны Атырауға келіп есірткі жасырған

Атырауға жұмысқа орналасуға келген өзге облыс тұрғынынан 1500 доза есірткі тәркіленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде қала аумағында синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісімен (закладка) айналысқан деген күдікпен 1994 жылы туған Батыс Қазақстан облысының тұрғынын анықтап, ұстады. Күдіктіні тінту кезінде ақ түсті ұнтаққа толы 50 орама, сондай-ақ тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде ақ түсті ұнтақ тәрізді үш дана зип-пакет тәркіленді. Тексеру кезінде күдіктінің Атырау қаласына тамызда жұмысқа орналасуға келгені анықталды.

Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар 1500 дозаны құрайтын синтетикалық есірткі екені белгілі болды. Қазір күдікті ұсталып, оған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Аталған дерек бойынша ҚК-тің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ