Басынан тепті: Атыраудағы рестобардың бірінде күзетшілер бойжеткенді соққыға жықты

Атырау қаласындағы рестобардың бірінде күзетшілер жас қызды аямай ұрып, тіпті басынан тепкен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Зардап шеккен қыз полицияға арыз жазып, видеокамерадағы кадрларды дәлел ретінде әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады

11 шілде күні рестобардың күзетшілері бойжеткенге тиісіп, соңынан соққыға жығады.

«Онда құрбыларыммен бірге бардым. Олар менімен танысуға тырысып, рестобар жабылған соң уақыт өткізгісі келді. Мен олардың айтқанына көнбеген соң мазақ ете бастады», - дейді таяқ жеген қыз.

Осыдан соң қыз таңғы сағат 05:00 шамасында рестобар ішінен далаға шығып, телефонмен сөйлескен. Алайда күзеттегілер оны қолындағы темекісін тастауды ұмытқанын сылтауратып, ішке кері кіргізбеді. Ол рестобардың ішіне қайта кіруге талпынғанда күзеттегілер оған күш қолдана бастады. Тіпті оның басынан теуіп, бар күшімен бетінен де бірнеше рет ұрған.

Осы ретте Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктілер анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«11 шілде күні Атырау қаласындағы рестобарлардың бірінде азаматшаны ұрып-соғу дерегіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер анықталды. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - делінген хабарламада.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото ашық дереккөздерден алынды