Атырауда «Ең үздік жоба» байқауының жеңімпаздары анықталды

Республикалық Жұмысшы жастар форумы мәреге жетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мақсат – жастар арасында еңбек мамандықтары мен техникалық салаларды насихаттау, сондай-ақ тәжірибе және білім алмасуға, кәсіби даму деңгейін арттыруға бағытталған жас мамандар қауымдастығын қалыптастыру болатын. Сондай-ақ, форум жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіби бағдар беруді жандандыру және техникалық-кәсіптік білім беруді қолдау арқылы елдің еңбек ресурстарын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  Жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланған болатын. Осыған орай, Атырауда облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен 28-29 сәуір күндері Республикалық Жұмысшы жастар форумы өтті. Екі күндік форумға еліміздің 15 облысынан 200-ден астам жас қатысты. Бұл форум — өндірістік және өнеркәсіптік салада еңбек ететін жастарға арналған еліміздегі тұңғыш ірі ауқымды алаң болды.

Форумның жабылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов және ҚР Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысты. Іс-шара барысында өңірлік ұйымдар мен жетекші кәсіпорындардың жастар кеңестері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, форум аясында ұйымдастырылған «Ең үздік жоба» байқауының жеңімпаздары анықталып, 6 адамға 500 000 теңге көлемінде шағын гранттар табысталды. Атап айтқанда, конкурста Диана Қожағалиева, Роберт Муфтахетдинов, Еркеназ Ерманова, Аманжол Досмұхамедов, Аяжан Жамкенова, Еркебұлан Ғизат жеңіске жетті. Бұл байқау – жұмысшы жастардың дамуы мен қоғамдағы рөлін арттыру мақсатындағы үздік әлеуметтік жобаларды анықтауға бағытталған. 

Айта кетейік, форум барысында «Қазақстанның еңбек нарығы және жұмысшы мамандықтарының келешегі» атты пленарлық отырысы мен TEDx форматында «Isker talks» конференциясы өтті. Кейін қатысушылар үш блокқа бөлініп, оларға оқыту курстары мен тренингтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Atyrau faces» жұмысшы мамандықтардың фотокөрмесі ашылды. М.Өтемісұлы атындағы академиялық Қазақ драма театрында форум қатысушыларына арналған «SARMAD» этно-фольклорлық ансамбльінің концерттік кеші өтті.

Аталған форум мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жайық өзенінің оң жақ жағалауында Жұмысшы жастар аллеясы ашылып, 100-ге жуық тал отырғызылды. Сонымен қатар, қатысушы жастар үшін Махамбет ауданы, Сарайшық ауылындағы «Сарайшық» мұражайына экскурсия жасалды.

Амандық АБДОЛ