"Атыраулықтар мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларын елемейді"

Атырауда мұздағы қауіпсіздік бойынша жүзден астам тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

- Атырау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен полиция департаментімен бірлесе күніне екі рет жағалау сызығын аралау жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар қыс мезгілі басталғалы 118 рейд жүргізілді. Қала аумағында 129 тыйым салу белгісі орнатылды. Жалпы халық көп шоғырланатын жерлерде түсінік жұмыстары жүргізіліп, үндеу қағаздары таратылуда. Алайда, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, облыста өкінішке орай екі қайғылы жағдай орын алды. Осы жылдың басында кішкентай баланың «Сүйреу» каналына батып кетуі мен Жұмыскер мөлтек ауданының тұрғынының мұзға батып, қайтыс болғаны туралы қаралы оқиға болды. Облыста осындай оқиғаның тағы да орын алмасы үшін барлық тұрғынды сақтыққа, қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз,- деді Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Магомед Ахриев брифинг барысында.

Төтеншеліктер жұқа мұзбен (қалыңдығы 25 см-ден төмен болса) жүруге болмайтынын қаперге береді. Толығырақ ақпаратты 112 нөмірі мен Атырау қаласының ТЖБ-ның әлеуметтік парақшалары арқылы алуға болады.