15 Шілде, 2022 699

АТЫРАУЛЫҚ ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЙЫСТА ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

 АТЫРАУЛЫҚ ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЙЫСТА ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

Математика пәні бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы математикадан халықаралық ІМО-2022 олимпиадасына қатысу үшін Норвегия астанасы – Ослоға аттанған болатын.

Бұл байқауда Атырау қаласынан сайыста бақ сынаған "Білім-Инновация" лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Әділет Зауытхан қола медальға ие болды. Оған әлемнің 104 мемлекетінен 589 оқушы қатысты. Жарыста Қазақстанның намысын 6 оқушы қорғады.

Әділеттің бұған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Биылдың өзінде ЖББ пәндер бойынша республикалық олимпиадада математика пәнінен алтын медаль иегері, халықаралық Тынық Мұхит олимпиадасының, "Жібек Жолы" халықаралық олимпиадасының, халықаралық математикадан Балқан олимпиадасының күміс жүлдегері атанып үлгерді.

Айта кетейік, IMO – бұл 1959 жылдан бастап жыл сайын жоғары сынып оқушылары арасында өткізілетін алғашқы халықаралық пәндік олимпиадаларының бірі. Қазақстан оған 1992 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Олимпиада қатысушылары математиканың геометрия, алгебра, сандар теориясы, комбинаторика сияқты бөлімдері бойынша күрделі 6 есепті шығаруы тиіс болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында биылдан бастап пәндік халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы берілетінін айтқан болатын.

– Алтын медаль алған оқушы 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалады. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да бір реттік сыйақы алады. Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық жоғары оқу орындарына гранттар беріледі, – деп хабарлады министр.