Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері 43 жастағы әйелге шұғыл түрде ота жасап, өміріне араша түсті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Балауса Касимованың берген мәліметі бойынша, қала тұрғыны өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
«Науқас тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерімен, мәжбүрлі қалыпта, перитонеальді симптомдармен келіп түсті. Оны гинеколог, реаниматолог, радиолог дәрігерлер жіті тексеріп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Тексеру қорытындысы бойынша «Оң жақ аналық безінің «алып» (гигантская) кистасы және оның абсцесске айналуы, яғни іріңдеуі анықталды», деді Б.Касимова.
Аурухана дәрігерлері шұғыл түрде пациентке ота жасады. Әйелдің жасын және оның репродуктивті жоспарларын, яғни алда бала сүю мүмкіндігінің барын ескере отырып, жатырын сақтап қалды. Ол үшін «алып» кистаның қабын ашып аспирация жүргізілді. Кистадан 19,5 л түсі қара сұйықтық сорылып, кистасы алынып тасталды.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа бірқалыпты. Науқас гинекология бөлімшесінде ем алып жатыр. Отаны аурухананың гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, гинеколог дәрігер Жанаргүл Бекенова жасады.
Айта кетейік, пациент бұрын-соңды гинекологтың қарауында болмаған.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА