Қаланың Канцев көшесінде орналасқан №13 Д.Байбосынов атындағы мектеп-гимназияда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, оқушылар мен ұстаздар екінші тоқсандағы алғашқы дәрістерін жаңа оқу орнында бастады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Мектептің іші-сыртын жөндеу оқушылар каникулға шыға салысымен-ақ маусым айында басталды. Мектеп директоры Досжан Болатбекұлының айтуынша, бес айға созылған жөндеудің нәтижесінде мектепте жаңа асхана, акт залы, би залы мен медбике бөлмесі ашылды.
«Жөндеуден соң мектеп өзгерді. Мысалы, бұрын бізде асхана болмады. Ол акт залында орналасқан еді. Би залын аштық мектепте. Енді би үйренемін деген оқушыларға ешқандай кедергі жоқ. Медбике кабинеті болмаған. Оны да аштық. Мектепке кіре беріс алаң өте тар еді. Оны кеңейттік. Спорт залды да қазіргі заманға сай еттік. Бұрын едені ағаш болса, қазір спорттық линолеум төселді. Электр сымдары, жылу және кәріз құбырлары ауысты. Мектептің артына автотұрақ салынды. Оқу ордасына кірер жол күн құрғақта топырақ, жауын-шашынды күндері балшық болып жататын. Қазір асфальт төселді. Мектеп ғимаратының сырты бұрын ақ силикатпен өрілсе, қазір сайдингпен қапталды», - дейді Досжан Болатбекұлы.
№13 Д.Байбосынов атындағы мектеп-гимназиясы 1970 жылы салынған. Бүгінге дейін онда ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып келген.
Қазір онда 901 бала білім алып жатыр. Ал күрделі жөндеу кезінде оқушылар екі ай бойы жақын маңдағы №9 мектепте үш ауысымда оқыды.
Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстарымен «Гранд-Мастер» ЖШС айналысты. Бұл мақсатта 389 млн 346 мың 687 теңге бөлінген.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА