Атыраудағы емдеу мекемелерінің бірінде науқастар мінген лифт істен шықты

Атырау облыстық балалар ауруханасы ішінде 10 адамы бар лифт бұзылып, шахтадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Оқиға күндізгі сағат 11:10 минут өткенде орын алған. Жеделсатының ішінде балалар мен ата-аналар болған. Лифт ішіндегілер мән-жайды видеоға түсіріп, түсіндіріп жатты. 

«Құдай сақтап өлімнен аман қалдық. Есікті ашсақ, шахта көрініп тұр», - деді ата-ананың бірі. 

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі лифтте болған жағдайға байланысты түсініктеме берді. 

«Лифттің көтере алатын жүктемесі тек 600 кг, яғни 8 адам. Лифт есігінің сыртында тек “Ауыр жағдайдағы науқастарға арналған” деген ескерту қағазы тұрғанымен, пациенттердің ата-аналары оны ескермей, 10-нан астам адам лифтке мінген. Шамадан тыс жүктеме болғандықтан, лифт уақытша істен шықты. Сағат 11:20-да техникалық ақау реттеліп, лифт қайта іске қосылғанын хабарлаймыз», - деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер. 

Абырой болғанда, олардың ешқайсысы да зардап шекпеді.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: бейнежазбадан скриншот