Атыраудағы әлеуметтік қалашыққа 34 млн 180 мың теңге тұратын гибридті электростанция сыйға берілді

Қаладағы  "Атырау. Маленькая страна" әлеуметтік қалашығында күн мен желден қуат алатын құны 34 180 000 тұратын гибридті электростанция іске қосылды. Жоба Samruk-Kazyna Trust қорының демеушілігімен жүзеге асты.

"Біз осы қордың конкурсына қатысып, гибридті электр станциясын сатып алуға грант ұтып алдық. Бұл қондырғының қуаты сағатына 50 кВт құрайды. Сондай ақ қор бізге 34 180 000 теңге сомасына үй жайларды жылытуға арналған 23 конвектор сатып алуға көмектесті. Біздің қалашық қағидасы органикалық заттарды тұтыну арқылы қоршаған ортаға зиянсыз қоғам жасау. Компания біздің қалашықты жел мен күннен қуат алатын электр станциясымен және тұрғынжайды жылытуға арналған қауіпсіз конвекторлық жылытқыштармен қамтамасыз етті. Осының арқасында коммуналдық шығындарымыз азайды. Бұрын жылу мен электр қуаты үшін едәуір көп төлейтін едік. Енді үнемделген қаржыға мамандарға - еңбекақы төлей аламыз. Ерекше балаларды оңалтуға арналған жобаларды қолға алып, олардың қоғамға икемделуіне, саулығын нығайтуына арналған бағдарламаларымызды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Ерлан Күмісқалиев.

Қуаттылығы 50 Квт болатын баламалы электр станциясы толық автоматтандырылған. Оның жұмыс принципі – күн мен жел қуатын электр энергиясына айналдыру. Одан артылғаны арнайы аккумуляторға жиналып, энергия көзінің қоры сақталады.

Айта кетейік, аумағы 5 гектар болатын "Атырау. Маленькая страна" әлеуметтік қалашығында иппотерапия, канистерапия, фелинотерапия әдісімен түрлі диагнозы бар балалар емделеді.