Атырауда «Заңсыз келуші-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасының II кезеңі өтіп жатыр

Іс-шараның 1-кезеңі 19-25 маусым аралығында республика көлемінде өтсе, 2-кезеңі қазан айының 2-8 аралығында өтуде. Бұл туралы Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әділжан Жаншин баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Іс-шараның 1-кезеңінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзудың 905 фактісі анықталып, 630 шетелдік тұлға мен 275 Қазақтан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Аталған шараны ұйымдастыру мақсатында департаментте жедел штаб құрылып, жеке құраммен күш құралдарын үйлестіру кестесі мен жоспарлары жасақталып, барлық қала, аудандық полиция басқармасына тиісті нұсқаулар жолданып, мүдделі органдарға хабарланған. Облыстық полиция департаментінен шараға барлығы 230 қызметкер жұмылдырылған.
  

- Іс-шара басталғалы бері Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзудың 563 фактісі анықталып, 437 шетелдік тұлға және 126 Қазақтан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 9 шетелдікке қатысты мемлекет аумағынан тысқары шығару туралы сот шешімі шықты. Атырау қаласы ПБ-мен сот шешімін орындау мақсатында жұмыстар ұйымдастырылып, аталған тұлғалар қызметкерлердің бақылауымен Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданы және Атырау облысы Құрманғазы аудандық бақылау-өткізу бекеті арқылы елден шығарылды, - деді Ә.Жаншин.

Сондай-ақ іс-шара барысында шекараны заңсыз кесіп өтудің 1 фактісі анықталған. Қазір бұл бойынша бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.