АТЫРАУДА ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыста туризм саласындағы инвестиция көлемі өткен жылы 27,5 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 34,15%-ға артқан. 2020 жылы 20,5 млрд. теңге болған.
2021 жылы ішкі және кіру туризмі бойынша 46 мың 200 адамға 1 млрд. 675 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. Жалпы, бүгінгі таңда облыста 40-тан астам туристік ұйымдар мен 106 орналастыру орындары бар.
«2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына» сәйкес, 338 жұмыс орнының құрылуымен 10,8 млрд. теңгеге алдағы жылдары 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Сарайшық» визит орталығы бюджет есебінен салынса, 8 жоба жеке инвестиция есебінен салынуда. Қазіргі таңда 4 жоба іске қосылды. Олар: «Нұрлы тал» этно-паркі, Құрманғазы ауданындағы екі туристік-демалыс базалары және Мақат ауданындағы кемпинг.
-Кешенді жоспардағы 9 жобаға:  «Нұрлы-Тал» этно-паркі, "Keremet park" аттракционы мен белсенді отбасылық демалыс паркі, "Сарайшық" визит-орталығы, «Эльдорадо» демалыс базасы, «Индер» тұзды көлінің жағалауындағы шипажайлық-сауықтыру кешені, Құрманғазы ауданындағы туристік балық аулау базасы мен «Қиғаш» туристік базасын қайта жаңғырту жобасы, Исатай ауданындағы Атырау-Астрахань тас жолындағы «AMANDYQ» кемпингі, Мақат ауданындағы Ақтөбе-Атырау тас жолындағы кемпингі кіреді, деді облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабаев.
Айта кетейік, ҚР Туристендіру картасына республикалық деңгейде енгізілген «Ортағасырлық Сарайшық» кешенін облыстағы туризм орталықтарының бірі ретінде кешенді дамыту мақсатында «Сарайшық» визит орталығының құрылысы салынуда. Оны осы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосу жоспарлануда.