Тасшағыл ауылдық округі аумағынан көктемгі су тасқынынан бөлінген екі жайылма учаскеден 2,7 млн-дай мөңке (карась) балығының шабақтары құтқарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, құтқарылған балықтар Арал және Бәйтік көлдеріне жіберілді. Аталған көлдердің орташа тереңдігі 2,5-3 метр шамасында және жіберілген шабақтардың емін-еркін өсіп-өнуіне қолайлы. Сонымен қатар, құтқарылған шабақтармен қатар бөлініп қалған су айдынының тереңдігі аз болуы және судағы оттегі мөлшерінің күрт азаю салдарынан 1,7 кг өлі мөңке шабақтары табылып, жойылды.
«Құтқару жұмыстарына МТЗ-82 тракторы тіркемесімен, жылжымалы су тасығыш бөшкелі тіркеме, Hidromek тракторы, Газель автокөлігі тартылып, 6 контейнер, 3 бөшке, 1 мотопомпа пайдаланылды. Аталған жұмыстарға жауапты тұлғалармен қатар, 13 ерікті ауыл тұрғыны қатысты. Қазір бөлініп қалған екі жайылма толықтай тазартылды» дейді аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали.
Айта кетейік, 2 қыркүйек күні Тасшағыл ауылдық округінің аумағынан көктемгі су тасқынынан бөлінген суда балық шабақтары қырылып қалған болатын.