«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Атырау қалалық комитеті филиалының ұйымдастыруымен «Екі лебіз» атты қалалық білім беру қызметкерлерінің арасында ән-байқауы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл сайыс қос төл мереке – «Кәсіподақтар күні» мен «Ұстаздар күніне» арналып ұйымдастырылып отыр. Байқаудың мақсаты – білім қызметкерлерін көпшілікке таныту, өнерін паш ету. Өнерлі ұстаздар арқылы мектеп оқушыларын сабақтан тыс уақытында өнерге баулу.
Іс-шараны «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Атырау қалалық комитеттің төрағасы Бағытжан Мусағали салтанатты түрде ашып, ардагер ұстаздар, білім беру саласының зейнеткерлерін, тәрбиешілер мен мұғалімдерді мерекелерімен құттықтап, әрбір отбасына амандық пен жақсылық тіледі. Ән байқауға қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілейтінін жеткізді.
Қатысушылар екі кезең бойына ән шырқап қана қоймай, ұлттық аспаптармен қоштап, әнге сай көрсеткен сахналық қойылымдары жиналғандардың көңілдерінен шықты.
Аталған байқау екі күнге созылды. Оған 28 мектеп, 26 балабақша мұғалімдері мен тәрбиешілері қатысты. Нәтижесіне №13 Д.Байбосынов атындағы мектеп гимназиясының мұғалімдері Әділбек Жолдасбаев пен Әйгерім Қазиева І орынды иеленді. Сондай-ақ өз өнерлеріне сай өзге қатысушылар өзара жүлделі орындарды бөлісіп, алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылармен марапатталды.