Былтыр мұнайлы өлкеде облыстық перинаталды орталық пен үш амбулаторлық мекемеге күрделі жөндеу жасалынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық перинаталды орталық 2023 жылғы 30 қарашада А.Владимирский 22 «А» мекенжайына көшірілді. Жөндеу уақыты кезінде орталық қала сыртындағы «Черная речка» аталып кеткен аумақтағы модульді ауруханаға уақытша көшіріліп, бір жыл бойы жүкті әйелдер сонда босанды.
Күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 966 млн 579 мың теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Құрманғазы және Индер аудандарында үш дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті.
Құрманғазы ауданы Нұржау ауылдық округінде дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанаты медицина саласы қызметкерлерінің мерекесімен тұспа-тұс келді. Нұржау дәрігерлік амбулаториясы 1974 жылы салынған. Аумағы 168 шаршы метрді құрайтын мекемеге осыдан 14 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал қазіргі күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылдың қазан айында басталған.
Медициналық нысан 3 мыңға жуық ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Онда екпе алу бөлмесі, процедуралық емдеу бөлмесі, зертхана стандартқа сай жасалынған. Жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші аудандық аурухана мекемесі болса, жұмыстарын жүргізген «Құрманғазы строй груп» ЖШС. Айта кетейік, дәрігерлік амбулаторияда қазіргі таңда 7 қызмет жұмыс атқарады. Мекеме басшысынан басқа жоғарғы санатты аға мейірбеке, жоғарғы санатты жалпы тәжірибелік мейірбеке, лаборант, мейірбеке бар.
Индер ауданының Өрлік ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жасалды. Бұрынғы ғимарат қатты тозған, санитарлық нормаларға сәйкес келмеген, байланыс жүргізілмеген. Ал қыста іші суық болған. Ең қызығы – ондағы жөндеу жұмыстары небәрі төрт айда жасалды.
Күрделі жөндеу кезінде терезелер, есіктер, шатырлар мен ғимараттың қасбеті жаңартылды. Су құбыры мен жылыту жүйесі толығымен ауыстырылды.
Амбулаторияда бес төсектік күндізгі стационарда ересектерге арналған үш орын және балаларға арналған екі орын бар. Процедуралық және физиотерапиялық кабинеттер, зертхана да жұмыс істеп жатыр. Жалпы халыққа сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған.
Күрделі жөндеуді «БатысСтройсервис» ЖШС жүргізді.
Сонымен қатар, Индер ауданындағы Елтай ауылында да дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жергілікті халықтың игілігіне берілді.
Эльмира Мықтыбаева