«Атырау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, қазақ күресінен Кеңес Одағының спорт шебері Мәлік Сүлейменов атындағы қазақ күресінен республикалық турнир өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған додаға Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Турнирде облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова құттықтау сөз сөйлеп, өңір спортшыларының жетістіктерін атап өтті. Соның ішінде ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Іс-шара барысында қазақ күресінен Атырау облысының аға жаттықтырушысы Айбек Серғазиев ұлттық спортты дамытудағы еңбегі үшін Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатымен марапатталды. Турнир қортындысы бойынша 100 келіде атыраулық Сұңғат Закарияев алтын, қарағандылық Оңғар Уатхан күміс, Маңғыстаулық Айдос Хақназаров қола жүлдеге ие болды. Ал орта салмақта шымкенттік Жұмахан Қожымбеков алтын, қарағандылық Дидар Нықыш күміс, атыраулық Қожа Ахмет Хамит қола жүлдені иеленді. Сондай-ақ 55 келіде атыраулық Жәнібек Телман алтын, қарағандылық Бердібек Үмбетхан күміс, атыраулық Бекет Жүніс қола жүлдегер атанды.