Әлеуметтік желіде суық күнде қала көшелерінде ағаш егіліп жатқандығы туралы бейнежазба тараған еді.
Автордың 28 қараша күні нөлден төмен температурада Баймұханов көшесіне ағаш көшеттері отырғызылып жатқаны туралы түсірген бейнежазбасы қызу талқыға түсті. Осы ретте қаланы абаттандыру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ететін мердігер компания - «Аяулым» шаруа қожалығының басшысы Назгүл Жұмекеева бейнежазбаға қатысты түсінік берді.
Оның айтуынша, Атырау қаласында нөлден төмен температурада (-10 дейін) жапырақты және қылқан жапырақты ағаштарды отырғызуға болады. Жиырма жылдық тәжірибесі бар маман көшеттерді қыс мезгіліне дейін отырғызудың ерекшелігін айтты, яғни көшеттер топырақпен болуы керек және отырғызғаннан кейін міндетті түрде суару қажет.
- Өсімдік тамыры бұдан өлмейді. Керісінше, күн жылынғанда сәуір-мамыр айларында барлық отырғызылған көшеттер жақсы бүр жарады. Қараша айында, күзгі көшет отырғызу кезінде барлық көшеттер тірі болды. Біздің шаруашылығымыздың орындаушы ретінде кепілдігі бар. Біз 2022 жылдың 28-29 қарашасында отырғызған осы 700 көшеттің аман қалуына толық жауаптымыз. Көшет тамыр алмаған жадайда біздің шаруашылық өз қаражаты есебінен қайтадан егеді, - деді Н.Жұмекеева.
Айта кетейік, «Бақдәулет», «Аяулым» шаруа қожалықтары 30 қараша күні Баймұханов және Махамбет көшелерінде күзгі абаттандыру, яғни көшет отырғызу жұмыстарын аяқтады.
Көшеттерді отырғызу «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігі есебінен жасалды. Қараша айында Баймұханов және Махамбет көшелеріне бұрын төселген брусчатка, құрылыс құмы, қиыршық тас, бетон және асфальт қалдықтарын қазу жұмыстары жүргізілді. Одан кейін көгалдандырылған аумақтарға өсімдік топырағы әкелінді. Дайындалған 700 шұңқырға 700 түп жергілікті көшет отырғызылды. Мердігер компания атап өткендей, суаруға «Биомелиорант Антизор» және «Биомелиорант Салмақ» сұйық тыңайтқыштары, сондай-ақ құс саңғырығы қосылған органикалық тыңайтқыштар пайдаланылды.
Тапсырысы бойынша 350 түп пирамидалық терек көшеті мен 350 түп шаған отырғызылды. Қараша айында «Аяулым» шаруа қожалығының Талқайраң дағы тәлімбағында көшеттер алдын ала топырағымен бірге қазылып алынды.
Айта кету керек, көктемде көшеттер көктеп шықпай қалса, мердігер компания өз қаражатына қайта отырғызады.