Биыл Атырау облысында бірінші жартыжылдықта көлікке техникалық қызмет және жөндеу қызметтерін көрсетуге 6,4 млрд теңге жұмсалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,5% көбейген, деп хабарлайды AtyrauPress www.energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Ал жалпы елімізде көлік құралдарын пайдалану бір жылда 16% қымбаттады.
Бірінші жартыжылдықта көлікке техникалық қызмет және жөндеу қызметтері 83 миллиард теңге болды, бір жыл бұрын 59 миллиард теңге болған.
Өңірлер бойынша барлық қызметтердің 39,6%-ы оңтүстік астана Алматыға тиесілі: 32,9 млрд теңге — былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда құндық мәнде 56,5% көп. Алғашқы бес өңірге сондай-ақ Астана қаласы (9,9 млрд теңге, 31,9% көбейген), Атырау (6,4 млрд теңге, 33,5% көбейген), Қарағанды (4,1 млрд теңге, 65% көбейген) және Шығыс Қазақстан (3,9 млрд теңге, 24,3% көбейген) облыстары кірді.
Сала бойынша ең аз қызмет Ұлытау (83,6 млн теңге), Қызылорда (582,5 млн теңге) және Жетісу (661,7 млн теңге) облыстарында көрсетілген.
Биыл маусымның қорытындысы бойынша, жеке көліктерді пайдалану бір жылда 15,7% қымбаттады. Соның ішінде қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтар, сондай-ақ жанармай материалдары бір жылда 15,9%, техникалық қызмет және жөндеу 14,6% өсті.
Жеке көліктерге арналған қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтардың ішінде жеңіл автокөлік шиналары бір жылда орта есеппен 18,2%, май сүзгілері 13,4% қымбаттады.
Жанармайдың ішінде бір жылда бензин 12%, дизель отыны 36,1%, мотор майы 22,9% бағасы өскен.
Саладағы қызметтердің ішінде техникалық тексеру - 8,9%, шиномонтаж қызметі - 12,4%, көлік жуу - 22,2% артып отыр.
Дайындаған Эльмира МЫҚТЫБАЕВА