Атырауда көпқабатты үйден 35 адам эвакуацияланды

31 шілде сағат 17:27-де Атырау қаласы Владимирская көшесі бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бірінің қылтимасынан түтін шығып жатқаны жөнінде шақырту түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетіп, түтін ішінде тұрғындардың қалып қойғанын анықтады. Өрт сөндірушілер 6 балаға газ түтінінен қорғау аппаратын кигізіп, құтқарып алып шықты. Сонымен қатар, өрт кезінде 35 адам оның ішінде 21 бала өздігінен эвакуацияланды.

Өрт 18 сағат 18 минутта  оқшауланып, 18 сағат 20 минутта толықтай жойылды. Өрттің аумағы 21 шаршы метрді құрайды.

Сонымен қатар, Департаменттің психологы және "АМО" қызметкерлері тұрғындарға, балаларға шұғыл психологиялық көмек көрсетті.

"Құрметті Атырау облысының тұрғындары мен қонақтары! Өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаңыздар! Ата-аналар балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар!" дейді мамандар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ