Атырауда қаруды заңсыз сақтаған азаматқа айыппұл салынды

Қызылқоға ауданының тұрғынына  қаруды заңсыз сақтағаны үшін айыппұл салынып, қаруы тәркіленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Қызылқоға аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-бөлігімен азамат Д.Қ.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Сотта анықталғандай, азамат Д.Қ. ішкі істер органдарында тіркелмеген 16 калибірлі аңшы қаруын заңсыз сақтаған.    

“Сотта Д.Қ. кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін, мылтықтың өзіне атасынан қалғанын, ішкі істер органында тіркелмегенін, оны тіркеудің қажеттілігін білмегенін айтты. 
Атырау облысы полиция департаментінің жедел криминалистикалық бөлімінің қорытындысы бойынша Д.Қ.-дан алынған қару атуға жарамды екені көрсетілген”, - делінген баспасөз хабарламасында.  
 
Сот қаулысымен Д.Қ. кінәлі деп танылып, оған қару тәркілене отырып, 48  мың 300  теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Эльмира Мықтыбаева 

Фото: freepik.com