Атырауда экзотикалық раушан гүлдер пайда болды

Облыс орталығында бұрын-соңды болмаған ұзын бағаналы раушан гүлдер қауыз жарып, қалаға сән беріп тұр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Сабағы 1 метрге жуықтайтын экзотикалық түрлі-түсті раушан гүлдер (штамбовые розы) орталық көпірден Сәтпаев көшесіне түскен бойдағы гүлзарда өсіп тұр. Олар қала гүлзарларындағы раушан гүлдерден ерекшеленеді. Мәселен, сабақтары айтарлықтай ұзын, мықты және жапырақтары жоқ. Сондай-ақ, қауыздары мен жапырақтары қалың боп өсіп, сабағының жоғарғы жағына топтасқан. Содан болар, кейде оны раушан гүл ағашы деп те атайды.

Атырау қаласын көріктендірумен айналысатын «Каспийдормостострой» ЖШС мамандарының айтуынша,  мұндай өсімдік түрі шаһар көшелеріне бұрын-соңды егілмеген. Биыл тәжірибе ретінде жасалған бастама. Экзотикалық өсімдік  раушан гүлдің кез келген түрін итмұрынның сабағына будандастыру арқылы өсіріледі екен.

«Раушан гүл ағашы – бағбандардың арманы десек те болады. Біріншіден, ол жан-жағына ерекше көрік сыйлайды. Оны күтіп-баптау да оңай емес. Кәдімгі раушан гүлдерге қарағанда ертерек гүлдейді және қауыздары қалың болып, ұзақ уақыт тұрады. Екіншіден, бағасы қымбат. Өйткені мұндай раушан гүлдерді тұқымбақта өсіру үшін 4-6 жыл аралығында уақыт кетеді. Ал бізге оларды серіктестеріміз Ираннан жеткізіп берді. Айта кетейік, олар суыққа төзімді, түрлі ауруларға және зиянкестерге қарсы тұра алады», - деп жауап берді мамандар.

Ұзын бағаналы раушан гүлдер құнарлы топыраққа егіліп, жиі суарылуы тиіс.

Қосымша мәлімет үшін айта кетейік, ұзын сабақты гүлдердің 4 түрі болады. Олардың ең кішісі жарты метр болса, ең ұзыны – 3 метрге жуықтайды.

Айта кетейік, биыл «Каспийдормостострой» ЖШС  жоспар бойынша 23 қала гүлзарына  (12 мың 320 шаршы метр) гүл отырғызуды қолға алған.

 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА