Бұл туралы Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының Instagram парақшасында жазылған.
Атырау қаласында 14 қазан күні 103 нөміріне келіп түскен қоңырау бойынша бригада шақыртуға шығады. Онда «науқастың жағдайы нашар, гемодинамикасы бұзылған» деген себеп айтылады. Шақыртуға №7 бригада құрамында фельдшерлер Ә.Төлеуішева, С.Еламан және жүргізуші Ф.Сұлтанов шығады. Науқасқа 10 минутта жеткен бригада алғашқы медициналық көмек көрсетіп үлгереді.
Қаланың 41 жастағы тұрғынының шағымдары негізінде жедел жәрдем бригадасы дереу сол жерде ЭКГ түсіріп, нәтижесінде миокард некрозы жүріп жатқанын көреді де алғашқы көмек көрсетеді.
Азаматты ауруханаға жеткізу кезінде қиындық туындап, қосымша №4 бригада шақырылды. Алайда сол сәтте науқастың жағдайы күрт нашарлап, клиникалық өлім тіркеледі. Бригада лезде жанама массажына кірісіп, дәрігер кардиолог Л.Қ. Жанысбаеваның видео қонырау нұсқауымен кеңейтілген жүрек өкпе реанимациясын жүргізді.
Қазір пациенттің жағдайы тұрақты, ол жансақтау бөлімінен жалпы палатаға көшірілді.