8 қараша күні Атырау облысы Полиция департаменті Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірігіп, «Браконьер» республикалық жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 26 жастағы браконьерді ұстады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, ұсталған адам бекіре тұқымдас балығын заңсыз сатып-алу, сату, тасымалдаумен айналысқан. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізген кезде жалпы салмағы 282,5 кг құрайтын 76 бекіре тұқымдас балығы тәркіленді.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА