Атырауда BINOM мектептері қашан ашылады?

Атырауда әрқайсысы 2000 орындық екі бином мектебі пайдалануға берілмек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осылайша, екі ауысымда 8 мың бала білім алатын болады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев брифинг барысында мәлім етті.

"Қазір аймақта 200 жалпы білім беретін мектепте 143 481 оқушы білім алуда. Барлығы 4 апатты мектеп тіркелген. Осы орайда, 4 мектеп салынып жатыр. Өңірде 11 үш ауысымды мектеп бар. Бұл мәселе әрқайсысы 2 мың орындық екі бином мектебі ашылған кезде шешіледі. Сондай-ақ, Береке ықшамауданында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ал, жыл сонына дейін екі мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сол секілді, №3, №16, №17 мектепте әрқайсысы 250 орындық үш жапсаржай құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда" деді Ж.Орақұлы.

Жалпы, облыста 15 мектеп пен бір жапсаржай салынуда. Биыл желтоқсанда Балауса ауылында 600 орындық мектеп құрылысы аяқталды. 2023 жылдың наурызында екі мектеп салынып бітеді. Бұлар – Жаңаталап ауылындағы 300 орындық мектеп және Құлсары қаласындағы 300 орындық №5 мектеп. "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында да 2023-2025 жылдары 12 мектеп салу көзделіп отыр.

– Облысымызда «жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 12 мектептің құрылысын салу көзделіп отыр. Олар  – Атырау қаласындағы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 шағынаудандарына әрқайсысына 900 орындық, Драма театры аумағы мен Лесхоз шағынауданына салынатын 2000 орындық мектеп. Сондай-ақ Сарыөзек ауылында 300, Береке ауылы мен Водников шағын ауданында, Құлсары қаласының Атырау шағын ауданында 1200, Құрманғазы ауданының Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында және Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында 600 орындық мектеп салу жоспарда тұр, - деді спикер.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ