"Атырауда атыс болады" деген ақпаратқа полиция пікір білдірді (+ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар Атырау қаласындағы мектептерде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осыған орай, облыстық полиция департаменті пікір білдірді.

"Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп, осы ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылады.

Осыған ұқсас жалған хабарламалар ағымдағы жылдың басында Ресей Федерациясының бірқатар қалаларында және Ақтөбе қаласында да орын алған. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін және тыныштықты сақтауды сұраймыз! Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында" делінген хабарламада.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: иллюстрация