Атырауда Амал күні аталып өтті

Іс-шараның мақсаты - елімізде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
 Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Ғасырлар бұрын пайда болған бұл күн, әсіресе еліміздің батыс аймағында сақталған.
 
Мерекелік іс-шарада Атырау облысының Қазақстан халық Ассамблеясы және Ардагерлер кеңесінің мүшелері мен өңір жастары бір-бірімен төс қағыстыра көрісті. Дастархан басында ұлттық тағамдардан дәм татысып, әжелер ансамблі ән шырқады. Қариялар бата беріп, жастарға өнегелі әңгімелерін айтты. Сондай-ақ мұнда тек атаулы күнді тойлап қана қоймай, жас ұрпаққа ұлттық киім үлгісі, салт-дәстүр беріктігі көрсетіліп, үлгі етілді. Ал жастар үлкендерге өз өнерлерін тарту етті.
 
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ләззат Жылқышиева Көрісу күнінің маңызына тоқталса, «ЗерКало» миниатюралық театрының қоюшы-режиссері Татьяна Капуова барша қазақстандықтарды атаулы күнмен құттықтап, лебізін жолдады.
 
Сондай-ақ іс-шара барысында викториналық сұрақтар қойылып, жүлдегерлерге сыйлықтар берілді.
 
Айта кетейік, «Нұрлы тал» этно паркінде өткен мерекелік шараны Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды.