«Sultan Palace Hotel» қонақүйінде «Аmanat» партиясының «КӘСІПКЕР» бастауыш партия ұйымының конференциясы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Елімізде бастауыш партия мүшелерінің қатысуымен мұндай ауқымды жиын тұңғыш рет өткізіліп отыр. Белгілі азамат, кәсіпкер Әсел Жолмұханова төрағалық еткен конференцияға 400-ге жуық «КӘСІПКЕР» бастауыш партия ұйымының партиялық топтарынан делегаттар қатысты. Бұл ұйымды 2020 жылы Әсел Бауыржанқызы құрып, төрайымы болып сайланған болатын. Бүгінде оның құрамына 1092 мүше тіркелген. Бұл – ел тарихында алғаш рет құрылған ұйым. Ол Атырау облысының 106 бастауыш партия ұйымының арасында мүше санына қарай екінші орында тұр. Оның мүшелігінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев, партия ардагері Нұрпейіс Мақашев та бар. Сондай-ақ, ұйымға төрт облыстық және үш қалалық мәслихат депутаттары мүше.
Жиында алдымен бастауыш партия ұйымындағы өзгерістер мен кезектен тыс 47-ші конференция делегаттарын сайлау жайында сөз болды. Содан соң партия ұйымына мүше халық қалаулылары – Абдулла Идресов, Серік Қадыров, Айбек Ғабдуллин, Әсел Жолмұханова, Жеңіс Әбілхарес, Нұрбол Құрман және Алма Байнекеева соңғы екі жылда атқарған жұмыстарын баяндады. Айтуларына қарағанда, жетінші шақырылған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары үшін есепті кезең маңызды әрі нәтижелі істерге толы болғанға ұқсайды. Соңында бастауыш партия ұйымының мүшелері өңір тұрғындарын толғандырған өзекті сұрақтарды қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«Менің депутаттық мандатым осыдан үш жыл бұрын «Праймериз» атты партияішілік іріктеуден басталды. Бұл бағыттағы алғашқы еңбегім пандемиямен қатар өрбіді. Халықтың әлеуметтік әлсіз саналатын жеті санатына тұрақты қолдау көрсетіліп, 6 мыңнан аса мұқтаж отбасы азық-түлікпен қамтылды. Жүзге жуық адам екі қолға бір күрек тапты. Қабылдауға келген мыңнан аса тұрғынның мұң-мұқтажы тыңдалды. Ұйым мүшелері кәсіпкерлер болғандықтан, қайырымдылық акциялары көптеп өткізілді» дейді Ә.Жолмұханова.
Айта кетейік, Әсел Бауыржанқызы – аймақтағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жөніндегі қаморшылық кеңесінің мүшесі, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйіндегі жетімдердің ресми тәлімгері, мүмкіндігі шектеулі және «БЦП» диагнозы бар балаларға арналған №3 интернаттың тұрақты демеушісі. Ол церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды вертикализаторлармен қамтамасыз етіп, Қытайға ота жасауға жіберді. Сондай-ақ, лобштейнмен ауыратын «хрусталь» балаға ота жасауға қол ұшын созды. Жүздеген баланың мектеп қажеттіліктерін өтеді. Мұндай қамқорлықтан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар да қалыс қалмады. Өзге өңірлерде орын алған табиғат апаттарына байланысты гуманитарлық көмек көрсетті. Жергілікті жастарды қолдауда да алдына жан салмайды. Міне, осындай белсенді жұмысы үшін ол өткен жылы аймақтың үздік депутаты атанды.
Фото: автор