Атырауда 9 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпені өткізіп алған

Атырау облысында қызылша ауруына қарсы екпені өкізіп алған 9 мың 413 адам анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешованың айтуынша, мониторинг тобының балабақша, мектептер мен жоғары оқу орындарында жүргізген тексеруінің нәтижесінде екпе алмағандарды көптеп анықтаған. 

«Атырау облысында 30 жасқа дейінгі адамдар арасында ревизия жүргізіп, екпесін өткізіп алған 9413 адамды анықтадық. Оның ішінде 6143-іне қызылшаға қарсы вакцина егілді», - деді Ә.Бекешова. 

Қазір мамандар облыстың барлық аудандарына барып, вакцина салдырудың маңыздылығы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе, ата-аналармен  жұмыс қарқынды. Соның нәтижесінде 2800 балаға вакцина егілді. 

Айта кетейік, облыста қызылша инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі. Өңірде  қызылшаға күдікті 386 жағдай тіркелді. Бұл  аурумен науқастанғандардың  90 пайызының екпе алмағандығы анықталған. 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА