Атырау жолдарында өлім-жітім көп

ІІМ жол-көлік оқиғасы жиі болатын өңірлерді атады, деп хабарлайды AtyrauPress Tengrinews.kz-ке  сілтеме жасап. 

Қазақстандағы жолдарда күн сайын 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақатын алады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтып берді.

Боранованың айтуынша, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша жалпы апат көрсеткішінің төмендегені байқалады, бірақ соған қарамастан, кейбір өңірлерде жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр.

"Еліміздің жолдарында күн сайын 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады. Бұл статистика жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің абайсыздығы мен тәртіп сақтамауы жол-көлік оқиғаларына ықпал ететінін көрсетеді", - деді Боранова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Республикалық маңызы бар жолдардағы өлім-жітім жағдайы өзекті күйде қалып отырғаны айтылды. Жол-көлік оқиғаларынан қаза болу деректерінің жартысы осы жолдарда тіркеледі, бұл 666 жағдайдың 48 пайызы немесе 318-і.

Қала маңындағы жолдарда өлім-жітім дерегі едәуір өскен өңірлер - Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстары, деп қосты спикер.