Индер ауданында мал іздеуге шығып кеткен адамдар аман-есен табылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
9 қаңтар күні Индербор кентінен үш адам жоғалған малды іздеуге шығып, қайта оралмаған. Осы ретте Индер ауданының ТЖБ қызметкеркерлері дереу іздеуге шықты.
Жоғалған 3 адам сол күні сағат 08:00-де «Toyota Land Cruiser-100» маркалы автокөлігімен Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Жанама ауылына қарай мал іздеуге шығып, кері оралмаған. Тіпті байланысқа да шықпаған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 10 қаңтарда таңғы сағат 05:20 шамасында жоғалған адамдар «Аю» қыстағының маңынан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Медициналық көмекті қажет етпеді. Аю қыстағы Индербор кентінен 35 км қашықтықта орналасқан.»,- деп хабарлады Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.
Мал іздеуге шыққан адамдардың бірі автокөліктің батпаққа батып кеткенін айтты. Ол аздай, ұялы телефонмен де байланыса алмаған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД Индер ауданы ТЖБ 5 қызметкері 1 техникасы, АПБ 2 қызметкері, 1 техникасы жұмылдырылды.
Эльмира Мықтыбаева