Атырау облысы аумағында интернет арқылы жасалатын кибер қылмыстардың жаңа түрін анықтау, оларды болдырмау және алдын-алу бағытында Атырау облысы ПД жанынан «Киберпол» тобы жұмысын бастады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгінде интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскендер саны күн санап өсуде. Интернет-алаяқтықты болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізілуіне қарамастан, тұрғындар арасында алаяқтардың құрбану болу дерегі азаймай отыр.
«Алаяқтар өзің полиция қызметкері ретінде таныстырып сіздің жақындарыңыз жол-көлік оқиғасына тап болды немесе басқа да заңсыз әрекеттерді жасады деп алдап, бұл жағдайды шешу үшін ақша сұрауы мүмкін. Бұндай жағдайда уақыт өткізбей 102 операторына қоңырау шалып, айтылған ақпараттың шынайылығын тексере аласыз, себебі орын алған оқыс оқиғалар міндетті түрде 102 операторына тіркеледі. Сонымен қатар, белгісіз адамдар Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы әртүрлі заттарды арзанға сататыны туралы жарнамалар жариялайды және тауарларға сұраныстар түскен кезде тауарлар сатылмауы үшін алдын ала төлемді жіберуді сұрайды. Бұл жағдайда әлеуметтік желі беттерінде орналасқан жарнамаларды мұқият тексеріңіз, тауарды қолыңызға алғанға дейін төлемеген дұрыс екенін ескертеміз», - делінген хабарламада.
Қасиет Бахкерейқызы