Облыста 2 наурыз бен 17 қараша аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 2 мың 276 жағдай тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау қаласында – 2035, Жылыой ауданында – 94, Исатай ауданында - 24, Құрманғазы ауданында - 7, Махамбет ауданында - 13, Қызылқоға ауданында - 41, Индер ауданында - 12, Мақат ауданында - 50 жағдай тіркелді.
Соның ішінде 1015 жағдайда қызылша зертханалық жолмен дәлелденді. Сегіз жағдай басқа ел мен облыстардан келгендерден анықталды. Мәселен, Түркиядан - 3, Тәжікстаннан - 2, Біріккен Араб Әмірлігінен - 1, Алматыдан - 1, Астанадан – 1 жағдай.
Атырау облысында 2019 жылы қызылша ауруы ең көп тіркелді. Ол кезде 774 жағдай есепке алынған.
Ал 2021-2022 жылдары облыста қызылша ауру мүлдем анықталмаған.
Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – бұл вакцинопрофилактика. Облыста балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу арқылы жүргізіледі.
Вакцина Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Еліміздің Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі.
Эльмира Мықтыбаева