65 мыңға жуық атыраулық тұмауға қарсы егілді

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлдана Бисенбай мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биыл 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулысына қол қойды. Осыған сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын өткізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді.

- Осы жылы өңірде тұмауға қарсы облыс халқының 9,7% екпемен қамтылған. Оның ішінде 63119 адам ақысыз негізде, 1675 жұмыс беруші тарапынан егілген. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында 11893 бала екпе алды. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ, деді Г.Бисенбай.

Айта кетейік, Атырауда жыл басынан бері эпидемиологиялық маусымда зертханалық жолмен дәлелденген тұмау аурушаңдығының 7 жағдайы тіркелді. Оның ішінде ересектер 2, жүкті әйелдер 5. Қазіргі айналымда тұмау түрінің “В” типі анықталуда.