“Жарқыра” бағдарламасының жаңа кезеңі басталды

Бұл туралы Атырау облысындағы әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қорының және "Жарқыра" әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының басшысы Ирина Горбаченко баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress сайты. 

Аталған бағдарлама 2016 жылдан бастап Атырау облысында “Теңізшевройл” ЖШС-нің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Мақсат – әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелердің тұрақты бизнес-шешімдерін ұсынуға және осы бағыттағы инновациялық-әлеуметтік бастамаларға жәрдемдесу.

“Жоба аясында 2016-2022 жылдар аралығында жеті байқау өткізілді. Байқау жеңімпаздары жалпы сомасы 111 млн теңгеден асатын 51 жоба бойынша өз кәсіпорнын ашуға немесе дамытуға қаржылай қолдау алды”, - деді И.Горбаченко.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Жартылай сынға шыққан 30 әлеуметтік кәсіпкер Қазақстанның үздік жаттықтырушыларымен бизнес үдеткіштен тегін өте алады. Бұл – 4 бизнес-тренинг, жеке консультация мен бизнес-жоспар жасауға зор көмек.

Айта кетейік, қолдауға ие болған жобалар аясында 218 адамға жұмыс орны құрылған және бұл – бағдарлама жемісінің аз ғана бөлігі.

Қасиет Бахкерейқызы