Отбасында жанжал шығарған 2 мыңнан астам атыраулық жауапқа тартылды.
Атырауда отбасында құқыққа қарсы әрекет жасап, жанжал көтерген 2 074 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 11 айда отбасылық жанжалға байланысты 6 939 шақырту түскен.
«Полиция қызметкерлері отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешенін ұдайы жүргізіп келеді. Биылғы 11 айда отбасында жанжал көтерушілерге қатысты 6 939 дерек тіркелді. Аталған дерекке байланысты 2 074 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына сәйкес (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 2 670 адамға қатысты қорғау нұсқамасы тағайындалды. Ал, сот шешімімен 504 адамға ерекше талаптар қанағаттандырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері отбасында құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ қолайсыз отбасылардағы ахуалды тұрақты тексереді. Осындай санаттағы адамдардың қорғау ұйғарымы шығарған талаптары мен мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген шектеулерді сақтауына ерекше назар аударылады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болған адамдар полицияның «102» арнасына, немесе «150» ұлттық жедел желісіне хабарласуына болады. Сондай-ақ, Атырау облыстық полиция департаментіндегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің дағдарыс орталығына шағым бере алады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.