Жаңаталап жұртшылығын не мазалайды?

Құрманғазы ауданы әкімі Абат Жанғалиевтің жергілікті тұрғындармен жүздесуі Жаңаталап ауылдық округінде жалғасын тапты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жиын барысында алдымен ауылдық округ әкімі С.Бралиевтің ауыл көлемінде атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды.

Округ бойынша жыл ішінде С.Рысқалиев, Құрманғазы, Ө.Рыспаев, Ж.Нәжімеденов көшелерінің ескі бағаналары, жаңа 30 бағаналарға ауыстырылып, қосымша көше жарықтарын орнату жұмыстары жасалған. Сонымен қоса, округ аумағында орналасқан зираттарды қоршау жұмыстары бойынша қаржы бөлініп, «Ақтөбе» зираты, «Медет» тойханасы маңындағы зираттар қоршалып, қаражат толықтай игерілген.

Аудан басшысы А.Жанғалиев өз сөзінде ауданымызда басталған жобалар, ағымдағы жылы табысталған тұрғын үйлер, медицина , бұқаралық спорт саласын дамыту бағытында бой көтеріп жатқан нысандар жайында ауыл тұрғындарын хабардар етті. Одан бөлек, аудан аумағындағы елді мекендерде жоспарланған ойын алаңдарын да айта кетті.

Жиында ауыл тұрғындары көтерген мәселелер ішінде арналарды түп тереңдету жұмысының барысы қозғалды. Аудан әкімі бұл сауалдардың барлығына өңірдегі каналдарды түп тереңдету жұмыстарына жауапты мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» АҚ осы аумақтағы жұмыстардың барлығын түгел аяқтамай кетпейтінін қаперге берді.

Бұдан бөлек, кездесуде тұрғындар аудан арасына қатынатын автобус, медициналық пунктті жөндеу, өр суы кезеңінде шаруагерлердің шабындықтарына судың аз келуі сынды өзекті сауалдарды қозғап, пікірлерін ортаға салды.

Аудан әкімі сұрақтар легінен кейін Жаңаталап ауылдық округінің медициналық пунктіне жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін ресми түрде табыс етті.

Жиналыстан соң аудан басшысы ауыл азаматтарын жеке мәселелерімен қабылдады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ