Татарстан Республикасындағы мұнай мекемесі жұмыссыздар тізіміндегі 11 азаматты жұмысқа қабылдады

Бүгін Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жұмыссыз есебіндегі азаматтар шақыртылып, "Tatneft-activ" мекемесінің өкілімен кездесу ұйымдастырылды.

Бұл туралы басқарма басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті деп, хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі


- Татарстан Республикасындағы "Tatneft-activ" мекемесіне осыған дейін де бір топ жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастырдық. Олар жоғары жалақымен жақсы жұмыс жасап жатыр, өздері де дән риза. Осы іс-шараны ары қарай да жалғастырып, аз да болса да жұмыссыз жүрген азаматтар тұрақты қызметке орналассын деген мақсатпен басқармаға 50-ге жуық жұмыссызды шақырып, мекеме өкілімен кездестірдік. Мекеме өкілі олардың түйіндемелерін қарап, сұхбат жүргізді. Нәтижесінде 11 азамат жұмысқа қабылданатын болды, деді А.Мәмбетов.


Олар бұрғылаушы, дәнекерлеуші, жүргізуші және машинист мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, жатын орны мен ас-ауқаты да қарастырылған.


Айта кетейік, аталған мұнай мекемесіне бульдозер, кран, эксковатр басқарушылары мен өздігінен жүретін кран бұрғылаушысы және тағы да басқа осы саладағы мамандықтар бойынша мамандар қажет етілуде. Жұмыссыз жүрген азаматтар осы салада еңбек еткісі келсе, басқармамен байланысуға болады.