Тайсойған тұрғындарын не толғандырады?

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов Тайсойған ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму жоспары және соның ішінде Тайсойған ауылдық округінде атқарылып жатырған жұмыстар талқыланды. Осы жылы Тайсойған ауылішілік 4,9 шақырымды құрайтын көше жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Онда 177 баған мен жарық шам, 1 трансформатор орнатылды. Жыл аяғына дейін іске қосу жоспарлануда.

Көптен күткен «Миялы-Тайсойған» ауылдары арасындағы автокөлік жолының құрылысы жүргізілуде. Жасалған асфальт жабындысының үстімен тұрғындар жүріп жатыр. Келер жылы көлік қозғалысы толықтай пайдалануға беріледі. Тайсойған ауылына 3,3 шақырым ауылішілік жол салу бойынша келер жылы жобалау-сметалық құжаттамасы басталады. Тайсойған округіне микро автобус беріледі.

50 орындық бала бақша салу үшін 2025 жылы ЖСҚ жасалады. ⁠Мәдениет үй құрылысы басталады. Конкурс шығып, мердігер айқындалды.

Ғ.Сланов көшесіндегі футбол алаңы салынып, Ғ.Асанов көшесіндегі ойын алаңына жөңдеу жүргізілуде. Спорт кешенінің құрылысы басталды. Алайда мердігер жұмысы баяу. “Кеңесіп шешкен шешімнің кемісі болмас” деген аудан басшысы тұрғындармен ақылдаса отырып, келісім шартты мердігермен үзіп, жаңа конкурс жариялауды ұсынды. Мердігер "Ansal Group" ЖШС келісім шарт бұзылу туралы шешім бір ауыздан қабылданды. Ашық спорт алаңы салынып жатыр. Аталмыш алаң биыл жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беру туралы тапсырма берді.

Жиында Тайсойғандықтар инженерлік инфрақұрылым жүргізу мәселері және денсаулық сақтау сынды басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Аудан басшысы кездесуден кейін сала мамандарымен бірге тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ