«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы «Атырау облысының орта білім беру жүйесін дамытуға жәрдемдесу» жобасы аясында 2021 жылдың 22–26 қараша аралығында алғаш рет 50 өңірлік тренер даярлауды жүргізеді, олар кейін Атырау қаласы мен облыс аудандарының қосымша білім беру педагогтерін оқытуда.
Тренерлерді Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагог-сарапшылары дайындады. Оқытуда мына тақырыптар көзделген: «Инженерлік іс (қолданбалы математика, физика, информатика)»; «Пилотсыз ұшу аппараттары», «WEB-дизайн және әзірлеу»; «Бейнепродакшн, YouTube контентін әзірлеу»; «Lego WEDO 2.0-де құрастыру»; «Дизайнерлік және сәулеттік жобалау»; «Қыш өнерінің негіздері»; «Сыртқы келбет эстетикасы»; «Әмбебап (үй) шебер».
Қатысушылар өткізілген тренингтен алған әсерлерімен де бөлісті. Зиялы қоғам қалыптастыру – ұстаздың қолында десек, бұл курстар өз шәкірттерімізді зияткерлікке заманауи тұрғыда тәрбиелей білуге үйреткендей дейді олар. Индер ауданы, Индер балалар өнер мектебінің ұстазы Жазира Махметқызы «Бейнепродакшн, YouTube контентін әзірлеу» курсынан өтті.
- Шығармашылықтағы тың әдіс-тәсілдер біз үшін үлкен жаңалық. Бұл курста түрлі бейнелеуші құралдармен жұмыс істеу, музыканы өңдеу сынды бағыттағы цифрлық дағдыларды дамыттық. Курс аясында тек медиамен жұмыс емес, сондай-ақ заманауи журналистиканың қызметі, маркетинг, менеджмент туралы терең ұғымдармен таныстық. Монтаж жасауды үйрендік. Өңдеу, фото, видеоға түсірумен де айналыстық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, - дейді ол. Ал, IT мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Алмагүл Упишева Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандары Сұлтанов Мейіржан Телманұлы мен Хасан Орынтай Болатұлына ерекше алғысын білдірді. «Инженерлік іс (қолданбалы математика, физика, информатика)» курсының тыңдаушысы белсенді және интербелсенді оқыту стратегиялары мен техникаларын пайдалана отырып шолу дәрістерін тыңдағанын жеткізді. Курс ерекшелігі – алдағы уақытта оқушының қажеттілігі мен ынтасын есепке ала отырып жүргізілуінде екендігін де атап өтті.
Сондай-ақ, Атырау қаласындағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Гүлзада Дүйсенғалиева «Сыртқы келбет эстетикасы» курсы бойынша шоппер сумка тігуді және сырт келбеттің жалпы имидждік образын қалыптастыруды үйренді. Енді осы білімін өзгелерге де үйретуге мүмкіндік туып тұр дейді ол.
Ал, Атырау қаласындағы №22 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің ұстазы Мерей Бақтығали “Web дизайн және әзірлеу” курсына қатысты. Тың дәрістен түйгенін ол былайша жеткізді: «Бұл курс аясында қазіргі таңда HTML тілін толықтай меңгердік. Сонымен қатар, CSS, PHP тілдерін үйреніп жатырмыз. Кейбіріміз осыған дейін Web дизайн бойынша жұмыс жасап көріппіз. Десе де, бағытын білсе де кірісіп жасап көрмегендер де бар арамызда. Бұл олқылықтың орнын толтырдық. Курсты өткізу әдіс-тәсілдері жоғары деңгейде болды. Алдағы уақытта тренерлік тәжірибемізде қолданатын боламыз. Осындай мүмкіндікті беріп отырған Атырау облыстық Білім беру басқармасына, педагогикалық шеберлік орталығына, Атырау облыстық Білім беру басқармасының әдістемелік орталығына, жан-жақтан жиылған Назарбаев Зияткерлік мектебінің тренерлеріне алғысымыз шексіз!»
Тоғыз элективті курс бағдарламасы Оқушылар сарайы мен балалардың шығармашылық бірлестіктері өткізетін үйірмелер, секциялар, клубтар спектрін түрлендіруге мүмкіндік береді. Аталмыш жоба үйірме жұмысының жаңа мақсаттары мен жүйесін дамытудың бастапқы нүктесі болмақ.