Құрманғазы ауданында аудан және ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бөкейхан ауылында өткен есепті кездесуде ауыл тұрғындары округ әкімінің жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады. Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Жиында айтылғандай, биыл да округте жоспарлы бағдарламаларды ауылдық округ көлемінде іске асыру, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуге жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек.
Ауыл әкімі Жүсіп Төреғалиевтің мәліметіне сүйенсек, Бөкейхан ауылына балалар ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, қазіргі таңда Н.Аймашев көшесіне балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстары аяқталып, бөлінген қаражат толықтай игерілген. Сонымен қатар, Ө.Исмагулов, М.Әуезов, Құрманғазы көшелеріне көше жарығын жүргізу жұмыстарын мердігер мекеме ретінде «Сұңқар» ЖШС-і ұтып алып, жасақталған келісімшарт бойынша 33 дана жаңадан диодты шамдарын орналастыру жұмыстары аяқталған.
Округ әкімі бұдан өзге де ауыл аймағында атқарылып жатқан тазалық, көгалдандыру, ауылішілік жолдарды күтіп ұстау бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Баяндама аяқталған соң, аудан басшысы Абат Жанғалиев тұрғындар алдында аудан және аталған округте іске асқан жобалар мен жоспарлы жұмыстарды атап өтті.
Атап айтқанда, Бөкейхан ауылдық округіндегі 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, 2025 жылы табысталады деп жоспарлануда. Сонымен қоса, Бөкейхан және Кудряшово ауылдық округтерінде су тазарту ғимараты мен құбыр желілері қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Жоспарға сәйкес, пайдалануға 2025 жылдың аяғында табысталады.
Одан әрі, жиын төрағасы Гүлжаннат Қалиева кезекті ауыл азаматтарының сауалына берді.
Осы өңірден сайланған депутат Нұргүл Дүйсенбайқызы түп тереңдету жұмыстары бойынша өткел мәселесі ауыл шаруагерлеріне қиындық туғызып отырғанын, арнайы техникалар өтуге аталған өткелдер қажет екенін сауал етіп жолдады.
Депутаттың көтерген сауалына орай аудан әкімі А.Сайфоллаұлы өткелдер салу үшін құжаттары жасақталып, жобаға енгізілуі қажет екенін, әр тұсқа өткел салу заңсыз екенін қаперге берді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ