Қызылқоға ауданының әкімі Сағыз ауылдық округінің тұрғындарын толғандырған түйткілдермен танысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, тұрғындар тарапынан бұрынғы айтылған ұсыныстардың орындалысын жария етуді, солар арқылы болашақта жасалатын жұмыстарға бағыт-бағдар жасауды мақсат еткен аудан әкімі Қанат Әзмұханов «Шұғыла» мәдениет үйінде Сағыз ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде алдымен сөз алған аудан басшысы жиналыс сайын тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген ұсыныс-пікірлердің орындалысын тізбектеді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Мәлімдемеден білгеніміздей, Сағыз ауылының халқына ауыз су жеткізу сапасын жақсарту мақсатында «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырына қайта жаңғырту» жобасы дайындалды. Жобада Су айдау стансасы мен екі дана 1200 м3резервуар, бір дана 50 м3 су мұнара мен 4600 м су, 1583 м электр желілері, бір дана КТП-160/10/0,4 трансформатор бар. Аталған жоба жүзеге асқанша қажетті бөлшектер алынып жұмыстар жүргізілетін болады. «Сағыз ауылының кірме және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту» жобасы бойынша жалпы жол құрылысы жұмыстары өткен жылы аяқталды. Кемшіліктерді жоюға ұсыныс берілді. Жобада 9 көшеге 6,807 шақырым тас жол, 5 көшеге 2,554 метр жаяу жүргенші жолы жоспарланған. «Сағыз ауылының (3-ші ауыл) кірме және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту» жобасы (6,8 шақырым) бойынша, прокуратураның негізінде мердігер арасындағы келісім шартты бұзу, Жосықсыз қатынасушы деп тану, 0,1 пайызбен айыппұл төлеу (30,0 миллион теңге) секілді үш талап қойылып отыр. Ал, мердігер «Айдана-ИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаға өзгеріс енгізуді сұрайды.
Өткен жылы Ноғайты өзеніне тасқын судың көп келуіне байланысты, өзен бойына салынатын көпірге округ әкімінің ұсынысы негізінде, қосымша өзгерістер енгізіліп, сараптамадан өткізілді. Биыл жұмыстар жалғасып, аяқтау жоспарлануда. Жобада 11 көшеге 8,2 шақырым тас жол мен жаяу жүргенші жолы төселіп, 10 көшеге жарықтандыру және Ноғайты өзеніне шағын көпір салынады. 3-ші ауылдағы электр жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, аталмыш ауыл самаладай жарқырады. «Сағыз ауылынан көше жарық шамдарының (жаяу жүргіншілер жолымен бірге) құрылысы» жобасына түзетулер жасалса, ауыл тұрғындарының жиналыс сайын көтеріп жүрген 1-ші және 2-ші ауылдағы электр жүйелерін дұрыстауға құрылыс жұмыстарын биыл бастау үшін 500,0 миллион теңге бөлініп, конкурс өткізу жұмыстары ұйымдастырылуда. Сағыз ауылының 1, 2-ші ауылы мен 3-ші ауыл аралығын байланыстыру үшін темір жол өткелі арқылы (переезд) ауылішілік автомобиль жолының құрылысын бастау туралы тұрғындардың тілегіне сай «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ның жолдар және құрылыс басқармасынан рұқсат сұралды. Бірақ, аталмыш мекеме көпір салуды ұсынып отыр.Бұл бойынша қайтадан келісім алу үшін жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, жобалық-сметалық құжат жасақтауға қаржы сұратылды.
Тұрмыстық қатты қалдықтар алаңын қоршап, сұрыптау кешенін орнату бойынша «Сағыз ауылының солтүстік-батыс бағытындағы күл-қоқыс төгетін орынды қоршау» жобасы сараптамадан өткізілуде.Буландыру алаңын салу үшін биыл жер телімін алу қарастырылуда. Жобалық-сметалық құжат жасақтау үшін қаражат қажет етіп тұрған жайы бар. Сағыз ауылының 12 көшесін жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжат жасақталды. Сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде, маусым айында аяқталады. Сондай-ақ, осы ауылдан 225 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы аяқталып, қазіргі таңда, жер телімдерін беру жұмыстары жүруде. Мектеп салу үшін облыстық құрылыс басқармасына жер телімі беріліп, тиісті құжаттары рәсімделуде. 2024 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Өнер мектебіне жаңа ғимарат салу үшін жер телімі анықталды. Дайын тұрған ғимарат сатып алып, өнер мектебіне беру де ойымыз бар. Осы ауылдағы спорт кешені 2018 жылы ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда төбесінен су кетіп тұр. Сондықтан, биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындаймыз. Жергілікті атқарушы органдардың, облыстық көлеміндегі басқарма, департамент өкілдері, Сағыз, Мұқыр ауылдарының белсенді азаматтарын тарта отырып, аудан аумағындағы Сағыз өзені бассейніне аралау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Сағыз өзені бойында 2 иесіз гидроқұрылғылар, 1 иесіз бөгет, 5 иесіз өткелдер, лимандық алқаптарға су өткізгіш иесіз құрылғылар анықталды. Комиссия мүшелерінің қатысуымен анықтама жасақталып, заң аясында шешім қабылдау үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жолданды. Нәтижесінде, аталған мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін басқарма тарапынан Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныс берілген. Енді шығарылған қорытынды негізінде арналарды тазалау, қажеттілігіне қарай бөгет, көпір немесе шлюз салу жұмыстары жүргізіледі.
Өткен жылы осы ауылдағы тұрғын үй мәселесін шешу бойынша 3 пәтер сатып алынса, биыл 2 пәтерлі 4 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Одан бөлек, 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйге жобалық-сметалық құжаты жасақталатын болады. Құм басу қаупінің алдын алу бағытында жобалық-сметалық құжат жасақталып, 2024 жылы жұмыстар басталатын болады. Ауылішілік жол жиектеріне суағар жасау үшін жобалық-сметалық құжат дайындау үшін бастапқы құжаттары дайындалып, қаржысына сұраныс берілді. Осы ауылдағы спорт кешеннің құрылысы 2021 жылдың шілде айында басталды. Құрылыс жұмыстары баяу жүргізілуде. Биылға 322,0 миллион теңге қосымша қаржы қажет. Әлеуметтік әріптестік негізінде көптен көтеріліп жүрген жаңадан вокзал салынатын болады. Сонымен қатар, халықтың сұранысына сай 15 төсектік күндізгі стационарға жапсарлас 20 төсектік тәуліктік стационар салу жоспарланып отыр. Ал, әкімшілік ғимарат салу бойынша, сараптама қорытындысын алған жылдан бері қаржы сұратылып келеді. Алайда, қолдау таппауда.
- Әрине, Сағызда ауқымды жобалар іске асып жатыр. Бұған округ тұрғындарының да, округ әкімінің де қосып келе жатқан үлесі мол. Тұрғындардың жиналыста, жиналыстан тыста көтеріліп жүрген мәселелері, ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмай, шешімін табуға жұмыстанып жатқанымызды хабарламамнан байқап отырған боларсыздар. Халықтың әрбір тілегі біздің тарапымыздан қалыс қалмайды. Әйтсе де, Сағыз ауылындағы тәртіпсіздіктің адам өліміне әкеліп соғып тұрғаны бәріміздің жанымызға батады. Бұған барлығымыз жұдырықтай жұмылып, қылмыстың алдын алуға жұмыстануымыз керек. Әрбір ата-ана өз баласының тәртіпсіздікке баруына жол бермесе нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Әр бала өзін «Мен тәртіпті болсам, мені қорғайтын қорғаушым бар» деген сезімде болуы қажет. Тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында жаңадан полиция ғимаратын салу үшін қазіргі ғимаратының жанынан жер телімі анықталды. Құрылысы басталады. Бұған қоса, бейнебақылау камераларын көбейту қолға алынып отыр. Биыл 33 бейнебақылау камерасына сұраныс берілді. Бұл бұрынғы жылдардан екі есе көп. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, сіз болып, біз болып бірлесе, ақылдаса отырып жұмыс жасасақ, шешілмейтін түйін жоқ, - деген аудан басшысы ауыл тұрғындарын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Кездесу барысында, ауылдың негізгі проблемаларын шешуде атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза болған тұрғындар орта мектеп пен балабақшаға Ахмет Байтұрсынов пен Мәншүк Мәметованың атын беру, жастар орталығын ашу, жарық, су мәселелері, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін шешу, логопед штатын ашу, қылмыстың алдын алу үшін полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту, Кенбай, Қоңыраулы елдімекендеріне газ жүргізу, тазалық сақтау, ардагерлерге жағдай жасау, бұралқы итттерді жою, мектеп директорлары бірлесе қызмет атқару, жастарды қылмысқа итермелейтін ықпалды топтарды анықтау тағы да басқа ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оған аудан басшысы мен тиісті мамандар заңдылыққа сай жауап берді.