Атырауда қыздар мен аналар слеті өтті

Облыстық «Өнегелі ана – ізетті қыз» слетіне 100-ден астам қыз-келіншек қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аналар мен қыздар слетіне ҚР «Әйел және Әлем» трансформациялық тренинг жетекшісі Бұлбұл Мусралина мен «РУХ» психология және тұлғаны дамыту орталығының директоры, клиникалық психолог Резеда Баймухаметова шақыртылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Спикерлер отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттай отырып, қоғамдағы әйелдің рөлі мен оларға көрсетілетін қолдаудың маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, олар «Отбасындағы жанжалсыз қарым-қатынастың психологиялық ерекшеліктері», «Әйел және әлем» тақырыбында әңгіме өрбітіп, қатысушылармен пікір алмасты.

- 2011жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан жиын биыл ерекше форматта өтті. Жыл бойы аналармен, қыздармен жасалған жұмысты қортындыладық. Басты мақсат - қоғамда анаға, әйелге деген құрметті арттыру. Бүгінгі іс-шарада ерлі-зайыптылардың отбасындағы міндеттері мен қыз тәрбиесі, бір-біріне деген қарым-қатынасын арттыру бойынша тренингтерді білікті мамандар өткізді,- деді Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Замзагул Хиданқызы.

Іс-шара соңында қала және аудандардағы Аналар кеңесінің белсенді мүшелеріне облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың Алғыс хаты табысталады.

Сәуле МАҒАУ