Полицейлер атыраулық түлектерге үндеу жасады (+ВИДЕО)

Атырау облыстық полиция департаменті мектеп түлектерінің ата-аналарына бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Құрметті ата-аналар! 20 маусым-22 маусым аралығында Атырау облысы көлемінде 11-сынып бітіруші түлектерге аттестат табыстау рәсімі өтеді және мейрамханаларда мектеп бітіру кештері өткізіледі. Осы күндері құқық бұзушылықтарға, оқыс оқиғаларға жол бермеуге шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігі – басты міндет. Жылдағы орын алатын оқыс оқиғалар көшедегі су бұрқақтарына шомылу, өзен, көлдерге бару , автокөліктермен кортеждерінде отырған мектеп түлектерінің жол көлік оқиғаларын жасауы, суицид, табиғат аясында демалу (пикниктерге шығуы), мейрамханаға баратын күндері таңды қарсылау, алау жағу. Әр ата-ана аттестат берілген күні, сонымен қатар мейрамханадан шыққан кезде өз балаларын үйлеріне алып кету керектігі, кез келген түлектердің құқық бұзушылығына ата -ана жауап беретінін қатаң ескертеміз" делінген бейнеүндеуде.

Сондай-ақ, полицейлер бітіруші түлектердің қауіпсіздігі туралы ата-аналарға жиналыс өткізді. 18 маусым күні №1 қалалық полиция бөлімінің мәжіліс залында бөлім бастығы полиция подполковнигі Руслан Байтеновтың төрағалығымен қала аумағында орналасқан жалпы білім беру ұйымының Исатай Тайманов және Ғани Мұратбаев атындағы мектеп әкімшілігі мен бітіруші түлектердің ата-аналарымен кездесіп, жиын өткізді.

Жиынға №1 ҚПБ ЖПҚБ бастығы Мадагаев пен оның орынбасары Калидуллин және ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары қатысты. Жиын мақсаты - жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу. Сонымен қатар, жасөспірім балаларға қатысты жасалатын және олардың қатысуымен жасалатын қылмыстардың алдын алу.

Ата-аналарға жиналыс барысында жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың, зиянды әдеттердің, зорлық –зомбылықтың, келеңсіз жағдайлардың, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бітіруші түлектердің картеж ұйымдастырып, автокөлік терезесі мен шатырынан денелерін шығармау керектігі, егер қандай да бір өрескел құқық бұзушылықтарға жол берілген жағдайда заң негізінде жауапкершілік көзделетіндігі ескертілді.

Кездесу соңында тараптар арасындағы байланысты күшейту мәселесі көтерілді. Ата-аналар мен мұғалімдер, полиция қызметкерлері және әлеуметтік педагогтар мен психологтар бір-бірімен сенімді әрі тығыз қарым-қатынаста болуы тиістігі айтылды.

Айта кетейік, аталған шара қала аумағында орналасқан барлық мектептерде өтуде.

Фото: kazbilim.kz