Құжатсыз қалған өзбекстандықтар атыраулық полицейлерге алғыс айтты (+ВИДЕО)

Атырау қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі тарапынан құжатсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтау жұмыстары күнделікті жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мәселен, Өзбекстан Республикасының 1988 жылы туған азаматы және 1991 жылы туған азаматшасы 2018 жылы жұмыс бабымен Қазақстанға келген. Ерлі-зайыптылар белгілі бір себептермен өздерінің және 2015 жылы туған, 2017 жылы туған балаларының құжаттарын жоғалтып алған. Еліне қайта алмай, құжатсыз жүрген шетел азаматтарына Атырау қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері көмектесіп, Өзбекстан Республикасының Елшілігіне еліне қайтару үшін берілетін куәлікті алып беруге ықпал етіп, тиісті заңды көмек көрсетті.

Өз кезегінде Өзбекстан елінің азаматтары жедел қызмет етіп, еліне қайтуға ықпал жасағаны үшін полицейлерге алғыс айтып, ризашылығын жеткізді. Атырау қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі полицейлері алдағы уақытта да құжаттың заңдылығы бойынша тиісті жұмыстар атқаруды жалғастыра береді.

Амандық Сағынтайұлы