Атыраудың әкімі жолдағы шұңқырларға шүйлікті (+ВИДЕО)
Сапа басты орында болуы тиіс. Осындай талапты Еркінқаладағы жол салу жұмыстарының барысын бақылаған қала әкімі құрылыс саласындағы мердігер мекемелерге қатаң ескертті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Еркінқалада жалпы ұзындығы 17,9 шақырымды құрайтын көшелердің құрылысымен «Атырауинжстрой» ЖШС айналысуда. Сондай-ақ, Еркінқала-2 ауылына жалпы ұзындығы 60,2 шақырымды құрайтын 46 көшенің тас жол құрылысы жалғасуда. Күні бүгінге дейін 38,5 км құрайтын 27 көшенің негізгі қабаттары салынып, оның 16,2 км бөлігіне ірі түйірлі асфальт жабындысы төселді. Ал, Балауса ықшам ауданының 34 көшесіне жол салынып, аталған аумақ толықтай қамтылмақ. Күні бүгінде барлық көшеге астыңғы қабатын дайындау жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысының алғашқы ірі түйірлі қабаты төселді. Сонымен қатар, Өркен және Жұмыскер ықшам аудандарында жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Жалпы ұзындығы 15 км құрайтын Жұмыскер ықшам ауданында 5 шақырымға жуығына асфальт төселді. Тиісті жұмыстарды «Жайық-сити» атқаруда. Аталған аумақтардағы құрылыс жұмыстарын бақылаған қала әкімі Мейірім Қалауи мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жұмысты уақытылы аяқтап, жұмыстардың сапасына басты басымдық берілу қажеттігін жеткізді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ