Атыраудың бас полицейі оқушылармен кездесті (+ВИДЕО)
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты құқық бұзушылықтан аулақ болуға дағдыландыру мақсатында қоғам болып жұмыла үлес қосу қажет екендігі мәлім. Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев облыс орталығындағы бірнеше мектепке арнайы барып жоғары сынып оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мақсат - жасөспірімдермен әңгімелесу арқылы департамент қызметкерлері тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың ықпалын саралау. Кездесу барысында өңірдің бас полицейі балалардан өз инспекторлары туралы білетін ақпараттарын да сұрады.
- Сіздердің бүгінгі алған жақсы білімдеріңіз бен жақсы қабілеттеріңіз еліміздің болашақта одан әрі дамуына үлкен үлес қосу қажет. Сондықтан, бүгіннен бастап жаман әдеттерден бас тартып, өзіңе және өзгеге зиян келтіретін іс-әрекеттерден аулақ болу қажет. Полицияның бүгінгі міндетті қоғамның, соның ішінде сіздердің, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сіздердің болашақтарыңыз жарқын болу үшін бүгін сіздерді жаман әдеттен қорғау. Балалар, есірткі мен темекіден, көрсеқызарлықпен әуес болатын әрекеттерден аулақ болыңыздар! Жолдағы қауіпсіздікті естен шығармаңыздар, сақ болу керек - деді, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Кенжебайұлы.