Атыраудағы "Шаңырақ" балалар үйіндегі жағдайға облыс әкімінің орынбасары пікір білдірді (+ВИДЕО)
Атыраудағы "Шаңырақ" балалар үйінен дау арылмай қойды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Желіде желдей ескен Нұрдәулет есімді баланың видеосы көптің алаңдаушылығын тудырған еді. Осыған орай, балалар үйі директорының уақытша міндетін атқарушы Тамара Есентурова мәселенің мән-жайын түсіндіріп, видео жариялады. Ал, бүгін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өзінің әлеуметтік парақшасында соңғы жағдайларға қатысты пікір білдірді.
"Қазақстан Президенті жанындағы Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Закиева Динара Болатқызымен бірге отбасы үлгісіндегі "Шаңырақ" балалар ауылына барып, жағдайды зерделедік. Түйген ойым, соңғы кезде желіде қатты талқыланып жатқан жағдайлар ұжымда бұрын қызмет етіп кеткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктердің нәтижесі. Салдарынан балалар зардап шегіп жатыр. Желіде жарияланып жатқан түрлі жазбаларда екі тарап өз-өзін ақтап алуға тырысып жатқанын көруге болады.
Екіншіден, баланы өзіне тартып, түрлі видео таратудың артында - баланың құқығын шектеу мәселесі тұр. Бұл балалар - мемлекеттің ерекше қорғауындағы балалар. Сондықтан, мемлекет балалардың құқығын қорғауға арналған барлық шараларды қабылдайтын болады. Оған қоса, желі де болып жатырған жағдайлар, балалардың өздерін қатты алаңдатып, болашақтарына кері әсері болады деп ойлап отырғандығын байқадым.
Үшіншіден, "Шаңырақ" балалар ауылына жаңа директор тағайындалады. Қазіргі уақытта конкурс жарияланды. Педагогика саласында мол білімі мен тәжірибесі бар мамандарды осы конкурсқа қатысуға шақырамын.
Төртіншіден, "Шаңырақ" балалар ауылындағы бейнебақылау жүйесі күшейтіледі. Қазіргі уақытта мұнда 64 бейнекамера бар болғанымен, қосымша камера қою қажеттілігі бар деп есептеймін. Және камералар тікелей Білім беру басқармасына қосылатын болады. Сондай ақ, баспасөз қызметі ашылады. Ол балалар ауылындағы жариялылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жуық арада, Шаңырақтан түлеп шыққан балаларды өмірге тез бейімдеуге бағытталған тәлімгерлік жобасын енгізілетін боламыз. Құрметті ағайын, балаларға қатысты түрлі видеолар жариялап, ақпарат таратудың артында балалардың құқығын шектеу әрі құқықтық жауапкершілік мәселесі бар екенін атап өткім келеді. Қазір бұл мәселелер тұрақталып, балалар қалыпты өмірге қайтқаны маңызды" деп жазды Ж.Орақұлы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ