Атырау көшелерінде қауіпті суреттер пайда болды (+ВИДЕО)
Атырауда есірткі жарнамасы бар 100-ден аса граффити жойылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазіргі таңда есірткі сатушылар синтетикалық заттың көптеген сайттарын жарнамалау мақсатында сатудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табуда. Көптеген адамдарды әлеуметтік желілерде есірткі затын тасымалдау мен жұмыс істеу туралы ұсыныстар түссе немесе айналасындағылардың біреуі заңсыз әрекетке қатысса, не істеу керектігі қызықтырады. Сол себепті еліміз үшін қоғамда заң үстемдігін насихаттап, өскелең ұрпақтың салауатты өмір сүру қағидаттарын дамытып, нығайтуға үлес қосу өте маңызды.
Осы мақсатта, қала аумағында Атырау облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы мен Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, жастар мен еріктілердің қатысуымен есірткі құралдарын жарнамалау жүзеге асырылатын сайттарға сілтемелері бар тыйым салынған жазуларды бояу бойынша бірнеше рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Бірлескен іс-шаралар нәтижесінде есірткі туралы заңсыз жарнамасы бар 100-ден аса граффити жойылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Айта кету керек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Осы ретте, полицейлер есірткі заттарының граффити - жарнамасына куә болған адамдардан "102" операторының пультіне немесе 98-21-55 (Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы), 27-03-92 (Облыс әкімдігінің білім басқармасы) Сенім телефондары арқылы дереу хабарлауды сұрайды.
Амандық Сағынтайұлы