ATPress.kz. 15 наурыз. Тоғызқұмалақ ойынынан өткен халықаралық турнирге қатысушылар бір миллион жарым теңгені ұтысқа салды.
«Ерлер мен әйелдер арасында өткен тоғызқұмалақтан халықаралық турнир Атырауда жалғасып жатқан «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды», - деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Түркия, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Ресей мен Қазақстанның бес облысынан келген ойыншылар қатысқан турнир қорытындысымен ерлер арасында бірінші орынды қызылордалық Бексұлтан Бостандықов, екінші орынды астаналық ойыншы Ғалымжан Темірбаев, үшінші орынды ақтөбелік Нұрбек Қабиев иеленді.
Әйелдер арасында өткен тартысты бәсекеде бірінші орынды Алмагүл Такишева иеленді. Ақтөбеден келген Диана Кенина мен Оңтүстік Қазақстанның намысын қорғаған Лина Каримова екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Бірінші орын иелеріне 1000 доллар көлемінде, екінші орынға – 700 доллар және үшінші орынға 500 доллар көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді.
«Қазақстанға, соның ішінде осы турнир өткен Атырау қаласына ризашылығымды білдіремін. Өзім жеңіске жете алмасам да, бұл жарыс маған жақсы тәжірибе болды», - дейді Ауғанстаннан келген ойыншы Демирал Саид Мурсалин.
Тасым Әбіш